Сот билігі адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде

Сот билігі адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде

Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Аталмыш норма мемлекеттің мәні мен белгілерін, оның саяси басқару жүйесінің құралдары мен амалдарын, мемлекет ішінде және халықаралық аренада қарым қатынасты жүзеге асырудың әдістері мен нысандарын анықтайтын фундаменталды норма болып табылады. Яғни, адамды мемлекеттің ең жоғарғы құндылық ретінде бекіту, оның құқықтары мен бостандықтарын абсолютті және ажыратылмайтын деп тани отырып, оларды іске асыруды Конституциялық кепілдіктермен қамтамасыз ету адамның мемлекеттегі басым орнын көрсетеді және қазіргі мемлекеттің әлеуметтік жайын сипаттайды. Адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасы мемлекеті мен құқығының қалыптасуында әрдайым баса назарда болып келді. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап оларды қорғау тетіктерін үнемі жетілдіріп келеді. Ата заңымыздың 34-бабының 1-тармағында әркімнің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу міндеті белгіленген. Бұл демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекеттің негізгі идеяларының бірі. Құқықтың әртүрлі субъектілерінің мүдделерінің қақтығысы қоғамда құқықтық қақтығыстарды тудырады және өмірдің әртүрлі салаларында кедергілер тудырады. Осы бағытта тепе-теңдік тетігіндегі басты орын алатын тәуелсіз сот билігінің рөлі артып келеді. Заңның үстемдігін және қоғамда құқықтық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету сотқа жүктелген, ол құқықтық дауларды шешу және құқықтар, бостандықтар мен заңды мүдделерді  қорғауды жүзеге асырумен байланысты кедергілерді еңсеру кезінде шешуші рольді атқарады. Билікті тармақтарға  бөлудің конституциялық құқықтық қағидасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі болып табылады және оның ресми-құқықтық сипатын білдіреді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Аталған конституциялық норма мемлекеттік органдардың бірыңғай бір деңгейлі құрылымын және мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінің өзара іс-қимылының сипатын көрсетеді. Биліктің үш тармағының әрқайсысы дербес, тәуелсіз және өздерінің конституциялық өкілеттіктері шегінде мемлекет аппараты арқылы және ерекше нысандарда өздеріне тән функцияларды орындайды. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік біртұтас және сонымен қатар иерархиялық жүйеге негізделген және оны мемлекеттік органдар арасында құқық шығармашылығы қызметін жүзеге асыру бойынша, нормативтік құқықтық және өзге де актілерді орындау жөніндегі қызметті іске асыру бойынша, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз  етуде айқын құрылымға ие. Тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін сақтауға негізделген құқық шығармашылығы, атқару және құқық қорғау қызметі жөніндегі функцияларды мемлекеттік аппарат органдары арасында бөле отырып, мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлудің конституциялық қағидатының болуы Қазақстанның саяси өмірді ырықтандыру және саяси жүйені жаңғыртудың белгілі бір деңгейі мәселелерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін көрсетеді. 

Әлбетте құқықтық мемлекетті орнықтыруды мақсат еткен мемлекетте сот тәуелсіз болу керек. Сот тек заңдар мен конституцияға бағыну арқылы өзінің түпкілікті шешімін қабылдауы тиіс. Біздің пікірімізше, сотттарды тәуелсіз ете отырып олардың сапасына да үлкен мән берілгені дұрыс. Мәселен, ең алдымен соттардың іскерлігі, қойылған мәселелерді заңға сәйкес шешуі олардың білімі мен адамгершілік қасиеттерінің жоғары деңгейде болуын талап етеді.

2021 жылғы 12 ақпанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сот жүйесін модернизациялау жөнінде жиын өткізіп, еліміздің сот жүйесін дамытудың жаңа бағыттарын айқындады. Сот жүйесінде атқарылуы тиіс келесі маңызды шараларды атап өтті:

Біріншіден, сот жүйесіне жаңа іскер мамандарды тарту арқылы әділ сотты қамтамасыз ету;

Екіншіден, сот актілерінің бірыңғайлығын қамтамасыз ету. Сот тәжірибесінің бірыңғайлығын қамтамасыз ету үшін жоғары сот қаулылары мен сот тәжірибесін кеңінен қолдануды ұсынды. Сонымен қатар сот жүйесінде IT –қызметінің қолдану керектігін де мәлімдеді, себебі, пандемия жағдайында қашықтықтан сот отырыс өткізу үшін IT –қызмет оң нәтиже көрсеткенін атап өтті. Бұл қызмет сонымен қатар, интеграцияланған білім базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни сот ол арқылы ұқсас істер бойынша әріптестерінің шешімдерін қарай алады. Бұл өз кезегінде заңсыз сот актісін қабылдаудың алдын алады. Президент жасанды интелект элементтерін қамтитын жаңа  IT–қызметін жасақтауды тапсырды.

Үшіншіден, адамға бағытталған сот жүйесі тұжырымы, яғни сот үрдісі барлығына түсінікті болу керек;

Төртіншіден, соттарды іріктеуде ашық және жария түрде жүргізу, сыбайлас жемқорлықпен күресе отырып, соттарды білікті мамандармен қамтамасыз ету;

Бесіншіден, эксаумақтық соттылық қағидасын енгізу мүмкіндігін атап өтті, алайда эксаумақтық соттылық қағидасы тереңірек зерттеуді және барлық тәуекелдерді ескеруде қажет етеді;

Алтыншыдан, тиімді сот жүйесін орнату арқылы ғана заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін болады, сол себептен де сот жүйесін модернизациялау жалғасын табатынын мәлімдеді.

Бірікке Ұлттар Ұйымының 1985 жылғы 29 қарашадағы 40/32 қарарымен мақұлданған «Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаттары» резолюциясының 11 тармағына сәйкес «Сот лауазымдарына іріктелген адамдардың жоғары моральдық қасиеттері мен қабілеттері, сондай-ақ құқық саласындағы тиісті даярлығы мен біліктілігі болуға тиіс. Судьяларды іріктеудің кез-келген әдісі заңсыз себептермен судьяларды тағайындау орын алмауына  кепілдік  болуы тиіс. Судьяларды іріктеу кезінде осы адамға қатысты нәсілі, түсі, жынысы, діні, саяси және өзге де сенімі, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегі, мүліктік, тектік-топтық немесе өзге де жағдайы белгілері бойынша кемсітілмеуі тиіс; алайда, заңды лауазымға үміткердің тиісті елдің азаматы болуы туралы талап кемсітушілік ретінде қарастырылмауы керек.» -деп көрсетілген.

Көріп отырғанымыздай, сот жүйесін сапалы мамандармен қамтамасыз ету мәселесі сот билігін асыруда ерекше маңызға ие.  Сот жүйесін сапалы мамандармен қамтамасыз ету мәселесі елімізде үнемі жетілдіріліп келеді. Бүгінгі күнде соттарды іріктеудің  Қазақстандық моделі заманауи және халықаралық талаптарға сәйкес келеді деп айта аламыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  «100 нақты қадам» ұлт жоспарында сапалы судьялар корпусын қалыптастыру қазақстандық соттарды реформалаудың негізгі мәселесі болып табылатыны көрсетілген .

Өз кезегінде, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында да осы мәселелерге ерекше назар аударылған. Республика Президенті Қ.К. Тоқаев қоғамның соттарға деген сенімін нығайту мақсатында, оның ішінде судьяларды іріктеудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету арқылы сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тарту арқылы мемлекет пен судьялар корпусының өзінің бірлескен күш-жігерінің қажеттілігін атап өтті. Қазіргі заманғы қоғамдық-саяси жағдай, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру бүкіл мемлекеттік аппарат пен сөзсіз соттар жұмысының тиімділігі, транспаренттілігі мен ашықтығы бөлігінде талаптардың артуына алып келді.

Жинақталған отандық тәжірибе, сондай-ақ судьяларды іріктеудің халықаралық стандарттары, озық шет елдердің тәжірибесі бірінші кезекте заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға үшін судьяларды тағайындауды қамтамасыз етуі  тиіс сот кадрларын қалыптастырудың ұлттық жүйесін дамыту үшін бағдар болып табылады. Қазақстанда жүргізілген реформалар нәтижесінде сот жүйесі елеулі өзгерістерге және эволюцияға ұшырады, соның нәтижесінде судьяларды іріктеу жүйесінің жаңа институттары енгізілді және жаңғыртылды, судья кадрларына қатысты біліктілік талаптары күшейтілді.

Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесінде  өткен «сот жүйесіндегі кадр саясатының келешек бағыттары» тақырыбында өткен халықаралық дөңгелек үстелінде Қазақстан Республикасы Жоғары сотының судьясы, жоғары сот кеңесінің мүшесі Н. Жолдасбеков – «судьяларды іріктеудің кешенді және  жетілдірілген жүйесі қолданысқа енгізілді, бүгінде соттарды іріктеу сатыдан тұратын үрдіс және ол сапалы мамандарды судьялыққа тағайындауға кепілдік беретінін атап өтті».

Қазақстан Республикасында сот кадрларының әлеуеті жөнінде №3 Ұлттық баяндамасына  сәйкес, еліміздің соттарының кадрлық жағдайы жөнінде келесі ақпараттарды байқауымызға болады. Мәселен, 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша судьялар корпусының штат саны 2684 судьяны құрайды, бұл ретте іс жүзінде – 2394 судья. 290 судьялық лауазым (немесе судьялардың жалпы штат санының 10,8%) бос болып табылады. Ал 2019 жылғы 31 Желтоқсанда жалпы саны 271 судьялық бос жұмыс орны (немесе 10,1%) болды[6]. Байқағанымыздай елімізде судьялық бос жұмыс орны саны 19 орынға өскен. Біздің пікірімізше, оның бірден бір себебі бүгіңгі күнде судья лауазымына конкурсқа қатысушылар сот лауазымына қойылатын талаптарга  үнемі сәйкес келе бермейді. Ал мемлекетіміздің сот жүйесі саласындағы негізгі мақсаты білікті де сапалы соттармен сот жүйесін қамтамасыз ету болып табылады.

Аталған баяндамада судьялардың штат санының сот инстанцияларының деңгейлері бойынша және өңірлер бойынша  сот корпусының штат саны туралы ақпараттар берілген. Айталық өңірлер бойынша судьялардың штат саны халықтың саны мен тығыздығын, әкімшілік-аумақтық бірліктердің мөлшерін және процестік жүктеме дәрежесін ескере отырып айқындалады. Судьялардың ең көп саны, әдетте, халықтың тығыздығы жоғары, іскерлік белсенділігі жоғары және тиісінше сот жүктемесі жоғары ірі өңірлерде болады. Сот жүктемесінің көлемі, оның ішінде құқықтық және ұйымдастырушылық-практикалық өзгерістерден туындайтын өзгерістер өзгерген жағдайда, сот төрелігін іске асыру практикасының мониторингін және соттардың жүктемесін тиісті талдау қорытындылары бойынша Жоғарғы Сот Жоғары Сот Кеңесімен келісім бойынша әрбір сот үшін судьялар санын белгілейді.

Елдің сот жүйесінің институционалдық және ұйымдық-штаттық негізін негізгі процестік жүктемені көтеретін аудандық соттар (аудандық соттардың судьялары мемлекеттің барлық судьяларының жалпы санының 80,5% - ын құрайды) құрайды (орташа алғанда, аудандық буындағы бір судьяға айына шамамен 55 іс пен процестік материалдар).

Облыстық соттар бірінші сатыдағы соттардың шешімдеріне апелляциялық шағымдар мен өтініштер бойынша істерді қарайды. Тиісінше облыстық соттардың саны мен осы соттар судьяларының саны аудандық судьяларға қарағанда едәуір аз (республиканың барлық судьяларының жалпы санынан судьялардың 17,1%). Бұл ретте облыстық деңгейдегі судьялардың процестік жүктемесі бірінші сатыдағы судьяларға қарағанда айтарлықтай төмен (орташа алғанда, облыстық буындағы бір судьяға айына шамамен 16 іс және процестік материалдар).

Іс жүргізу мақсаты негізінен төменгі соттардың сот актілерінің заңдылығын кассациялық тәртіппен тексеруден тұратын Жоғарғы Соттың судьялары сот пирамидасының шыңында және мемлекеттің барлық судьяларының жалпы санының 2,4% - ын құрайды.

         Қорытындылай келе, мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сот жүйесін модернизациялауға байлынысты ұлттық құқық жүйесі үшін жаңа қағида – эксаумақтық соттылық қағидасын ұсынды.  Эксаумақтық қағидасын қолданысқа енгізу бүгінгі таңда соттардың қызметінің сапасын арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Біздің пікірімізше, ол іске қатысушы тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуі үшін олардың келісімі негізінде ғана қолданулуы тиіс. Тәжірибелік тұрғыдан алғанда алдымен процессуалдық заңнамаға соттылықтың осы түрін қолдану туралы толықтырулар енгізілуі тиіс деп есептейміз. Кейбір шет мемлекеттердің сот тәжірибесінда соттылықтың осы түрі заңнамада қолданылып келеді. Оның тиімді тұстары ретінде, сотта қаралатын істердің санын азаюына және сол арқылы сапалы сот билігін іске асыруға мүмкінгдік береді.

Сот жүйесінде IT–қызметін  кеңінен қолдану, сот жүйесін цифрландыруда жаңа қадам болып табылады. Пандемия жағдайында сот жүйесінде сандық технологияларды қолдану азаматтарға соттардың қызметіне қолжетімдігін қамтамасыз етеді. Себебі, мемлекетімізде биліктің негізгі қайнар көзі ретінде  адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары үнемі басты назарда және сот билігі адамдарға бағытталған болуы тиіс.

Кез келген мемлекетте сот билігі тәуелсіз болып, тек заңмен конституцияға бағынуы тиіс. Сонымен қатар соттардың  біліктігі мен сапасы жоғары деңгейде болған мемлекетте адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықатырының қорғалатынының және заң үстемдігін қамтамасыз етілетіні сөзсіз. Ал  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соттардың алдына қойып отырған мәселесі елімізді сапалы соттармен қамтамасыз ету арқылы құқықтық мемлекет орнықтыру бағытындағы тағы бір дұрыс қадам болды деп есептейміз.

Ақерке Бектұрғанова   

Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьясы 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив