Марат Қарабаев Абай облысының халқымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Марат Қарабаев Абай облысының халқымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Абай облысына жұмыс сапарымен барып, өңір халқымен кездесті. «Ашық микрофон» форматы аясында өткізілген жиында абайлықтар көкейкесті сауалдарын жолдап, ведомство басшысынан тұшымды жауап алды.

Марат Кәрімжанұлы министрліктің құзыретіне кіретін бағыттарға сәйкес облыс халқын толғандырған сұрақтарға жауап берді. Бұл ретте құзырлы органға жолдар мен тұрғын үйлердің құрылысы, инженерлік және коммуналды инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ өнеркәсіптік даму сынды ұлттық экономиканың күретамырына айналған маңызды секторлар қарайтынын айта кетейік. Киелі өлкенің азаматтарымен кездесуде министр Семейдің ұлт тарихында ерекше орын алатынын жеткізді.

«Халқымыз бұл жерді Алаш руханияты қалыптасқан қасиетті мекен ретінде қадірлейді. Жергілікті халықтың тілегін ескеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен Семей тарихи орталық мәртебесін иеленді. Неге десеңіз, көне шаһарда ұлы Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов сынды заңғар тұлғалар дүниеге келді», деді М.Қарабаев.

Аталған кездесуде баспана алу тәртібі, Индустрияландыру картасын іске асыру, машина жасау, фармацевтика, автожол құрылысы, битумды жеңілдікпен сатып алу және т.б. салалардағы перспективалы бірлескен жобалар жөнінде қаузалды.

Айталық, құрылыс материалдарын шығаратын компанияның өкіліне барланған кен орындарының шикізат қорына қатысты түсініктеме берілді. Сауал жолдаған азаматтың айтуынша, табылған шикізаттың орны «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының аумағында орналасқан. Ал кәсіпорында шикізат тапшылығы өзекті мәселеге айналған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ Шығыс Қазақстан облысының батыс және солтүстік-батыс бөліктерін алып жатқанын атап өткен жөн. М.Қарабаев ведомствоның осы мәселеге қатысты ұстанымын айтып, бұған байланысты Геология комитеті мен Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, экономикалық негіздемені ескере отырып қарайтынын жеткізді.

Сондай-ақ өңір тұрғындары Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағытындағы күрежол мен «Қалбатау – Майқапшағай» жол учаскесінің жөндеу жұмыстарының барысын сұрады. ҚР ИИДМ басшысы айтқандай, биыл «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» учаскесінде көлік қозғалысын ашып, құрылысты толықтай келер жылы аяқтау жоспарланып отыр. «Қалбатау – Майқапшағай» жолының құрылысы мен жаңғыртуға келсек, жөндеу жұмыстарын 2024 жылы аяқтау межеленген. Осы орайда Абай облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүргізіліп жатқанын айта кеткен орынды.

Бұдан бөлек Семей механикалық зауытының өкілі битум материалын жеңілдікпен сатып алуға қолғабыс етуді өтінді. Өз кезегінде М.Қарабаев жол желісін дамытудың келешегін ескере отырып, Ақтөбе облысында битум зауытын салу туралы «Қазақбитум» ЖШС-мен тиісті уағдаластыққа қол қойылғанын айтты. Атап айтқанда, мұнайдан, мазуттан, гудроннан жоғары сапалы битумды өндіріп, сондай-ақ түрлі маркалы битумдарды ауыстырып тиеу және маусымаралық сақтау жөніндегі жоба биылдың өзінде іске асырылатыны мәлім болды. Зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 500 тоннаға дейін битумды эмульсияны және мың тоннаға дейін жол, құрылыс және ғимараттардың төбесіне арналған битумды құрамақ.

Сонымен қатар кездесуде фармацевтика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі мен кореялық бизнес капиталының қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Жергілікті стоматологтар импорттық материалдар мен дәрі-дәрмектердің тапшылығына алаңдаушылығын жеткізіп, соған байланысты бірлескен жобаларды құрып, іске асыруға бастама көтерді. Марат Кәрімжанұлы аталған бастаманы қолдайтынын, сонымен бірге қазір кореялық кәсіпкерлерімен Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

«Корея Республикасы – Қазақстанның өте маңызды стратегиялық серіктесі. Біз аталған мемлекетпен бірлескен өндіріс орындарын құруға мүдделіміз. Өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары технологиялық кәсіпорындарды құрып дамыту біз үшін стратегиялық тұрғыда аса қажет», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Осыдан кейін М.Қарабаев Абай облысының азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдағанын айта кету керек. Министрмен кездесуге 6 тұрғын жазылып, өтініш берушілердің сұрақтары дәстүрлі тұрғын үй алу мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болды. Барлық азаматқа қойған сауалдарына байланысты заң нормаларына сәйкес толық жауап беріліп, мәселелерді шешудің жолдары айтылды. Бұған қоса қолданыстағы тұрғын үй саясаты да мұқият түсіндірілді.

Естеріңізге сала кетейік, екікүндік іссапар барысында ведомство басшысы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорнына барып, қызметтерімен танысады деп көзделген. Бұдан басқа Қарағайлы шағын ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынын бағамдап, Семей халықаралық әуежайына аялдайтын болады.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив