Төрағалық тәжірибемнен сот жүйесі туралы кейбір ойлар

Төрағалық тәжірибемнен сот жүйесі туралы кейбір ойлар

 «Сот жүйесінің жеті түйіні» бағытында көтеріліп отырған мәселелер қоғамымыздың тоқтаусыз алға жылжуынан туындайды. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы жылы сот жүйесінде болып жатқан көптеген тың өзгерістер - табиғи заңдылық. 

         Сот жүйесіне және судьяның мәртебесіне өзгеріс енгізу қажет деген пікірге қосыламын.  

         Осы тақырып төңірегінде бірнеше облыстық және оған теңестірілген соттарда төрағалық еткен іс-тәжірибемнен түйіндеген кейбір ойларыммен бөліссем деймін.

         Біріншіден, Жоғарғы Сот Кеңесі тұрақты орган болып саналғанмен, оның мүшелерінің тең жартысы республикалық органдардың басшылары, депутаттар, агенттік басшылары болып табылады. Олардың өз міндеттері, тікелей атқаратын шаруалары бар. Сондықтан Жоғарғы Сот Кеңесі мүшесінің міндеттерін толыққанды атқара алмайды, судьялыққа кандидаттардың жеке басын, мінездемесін жеткілікті дәрежеде зерттеуге мүмкіндігі болмайды.  

         Менің ойымша, аталған мемлекеттік органдардың басшылары Жоғарғы Сот Кеңесінде тұрақты түрде мүшелік міндет атқаратын өкілдерін тағайындағаны дұрыс болар еді. Нәтижесінде, өкілдер кандидаттарды толық зерттеп, объективті ұсыныс берер еді. Әрине, өкілдер өз ұсыныстарын басшыларымен келісіп жасауға құқығы болады.

         Екіншіден, қазіргі күнде Жоғарғы Сот Кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен өткен судьялар келеңсіз жағдайларға тап болғанда, Жоғарғы Сот Кеңесінің жауапкершілігі заңда көзделмеген. Яғни, кеңес мүшелерінің дауыс беруге құқығы бар да, жауапкершілігі жоқ.

         Облыстық соттардың жалпы отырысында бекітілген кандидаттар бойынша да нақты жауап беретін ешкім жоқ.

         Қорыта айтқанда, қазіргі күнде сот жүйесінде кадр мәселесіне жауап беретін лауазымды тұлға немесе орган жоқ.

         Үшіншіден, судьялыққа кандидаттар таңдау мәселесінде мынадай мән-жайларға аса көңіл бөлген жөн.

         Жасыратыны жоқ, мемлекетіміздің жоғарғы билігінің бір тармағының өкілі болып табылатын кейбір судья мемлекеттік тілде жазу былай тұрсын, ауызекі сөйлей алмайды. Сөйте тұра, мемлекет атынан үкім, шешім шығарады. Кейбір сот төрағалары да осындай кемшілікпен сот басқарып отыр. Осылайша Елбасының тіл туралы талабы орындалмай жатыр.

         Мысалы, бүгінгі күні Астана қалалық сотының 42 судьясының 12-сі мемлекеттік тілде сөйлеп, сот актілерін жаза алады, ал аудандық және оған теңестірілген соттардың 112 судьясының 49-ы         меңгермеген.

         Бәрімізге белгілі, 20 жыл бойы мемлекеттен қаржы бөлініп, оқыту курстары ұымдастырылды. Алайда, жағымды қорытынды шықпады.

         Менің ұсынарым, мемлекеттік тілді меңгермеген судьяларға белгілі мерзім беріп, өз қаражатымен тілді меңгеруге міндеттеу керек. Берілген мерзім ішінде тілді меңгермесе, судья лауазымына лайық емес деп табу керек.

         Судьялыққа кандидаттарды іріктегенде, тіл туралы талап бірінші кезекте болу керек.

         Төртіншіден, судьялыққа кандидаттардың азаматтық ар-ұжданына аса көңіл бөлген жөн. Бұл бағытта Қоғамдық кеңестің өкілеттілігін көтеру қажет деп санаймын. Қоғамдық кеңес мүшелері кандидаттың жұмыс орны, мекен-жайы, оқу орны бойынша қоғамдық пікірлерді зерттеп, кандидаттың ар-ұжданының тазалығына, судьялық лауазымға сәйкестігіне баға берсе дұрыс болар еді.  

         Бесіншіден, судьялардың біліктілігі көп жағдайда олардың қараған істерінің санына, жүктемесіне қарай бағаланады. Ондай судьялар біркелкі, шешілуі күрделі емес дауларды қарауы мүмкін. Судьялардың кәсіби біліктілігі олардың қараған істерінің күрделілігінен көрінеді. Сол себепті судьялардың біліктілігін қарайтын істерінің санатына қарай бағалауды ұсынар едім.

         Алтыншыдан, судьялардың жауапкершілігін шешуді Сот жюриінде қалдырған дұрыс. Сот жюриінің жыл сайынғы беріп отырған ақпаратынан оның тиімділігін көреміз. Судьяның біліктілігіне бағаны, оның заңбұзушылығының сипатын, жауапкершілігінің дәрежесін тек қана судьялар шеше алады.

         Судьяларды жауаптылыққа тартпау керек деген пікірге үзілді-кесілді қарсымын.

         Жылдан жылға 15-20 шешімі бұзылған судьялар арамызда жүре береді. Неге олардан арылмасқа.

         Облыстық соттар судьяны Сот жюриіне бірден жіберіп отырған жоқ. Алдымен заңбұзушылықпен шешім, үкім шығарған судьялардың қателіктері облыс төралқасында талқыланады, сосын судья ескертіліп, қатаң ескертіліп, оқу-тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Нәтиже шықпаған жағдайда, қайталанып өрескел заңды бұзып жатса, Сот жюриіне жіберіледі.

         Тек ескеретін жайт, көп жағдайда  Сот жюриі қатаң жаза қолданбайды. Сол себепті судьялар облыстық төралқада алған ескерту, қатаң ескертуді жаза деп санамайды.

         Қорыта айтқанда, қатаң талап қойып, жауап сұрайтын орган – Сот жюриі міндетті түрде болуы керек.

         Жетіншіден, сот төрағаларының алатын орны туралы айтсақ.

Сот жүйесінде облыстық соттың төрағалары бар билікті алып алған, судьяларға қысым жасайды, деген пікір бар. Іс жүзінде сот төрағасында ешқандай билік жоқ. Заңда төрағаның қандай да бір қолданған шарасымен судьяны лауазымынан айыратындай норма көзделмеген. Ондай билік тек қана Сот жюриінде. Қысымшылық көрсететіндей төрағаның жағдайы да жоқ.   

Мысалы, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқада бірнеше құрам бар, құрамда төрағалық ететін судья бар. Әрбір құрам істерді өздері талқылайды, ортақ шешімге келе алмаған жағдайда, алқа төрағасына баяндайды.

Төрағаның барлық істі бақылауға алып, қысым жасауға мүмкіндігі де жоқ.

         Астана қалалық сотына айына 80-100 қылмыстық істер мен материалдар, 550-600 азаматтық, 80-90 әкімшілік істер түседі. Осы істердің қайсыбірін қарауға немесе бақылауға алуға мүмкіндік бар. Онымен қоса, төрағалық міндеттерім бойынша ұшан-теңіз шаруалар бар.

         Өмір тәжірибесінен байқағаным, кез-келген отбасында бақылау болуы керек. Бәріміз тәрбие көрдік, атаның ұлағатын, ананың шапағатын көріп өстік. Егер отбасында қатал тәртіп болмаса, «қой» дейтін қожайын (әке), «әй» дейтін әже болмаса, бала да бетімен кетеді. Ұлы мен қызының не істеп жүргенін білмейтін ата-ана жоқ деп ойлаймын. Ал егер ата-ана тарапынан бакқылау болмаса, соңы неге соғатынын біз жақсы білеміз. Нашақор, ұры-қарақшы, алаяқтар, жезөкшеліктер қайдан шығады?  

Сол сияқты кез-келген ұжымда, сотта басшы болуы әбден дұрыс.

Ал төрағаның қандай болуы – басқа әңгіме.

Төраға барынша әділ, ар-ұжданы таза, судьялық біліктілігі жоғары, өз ісіне жауапкершілігі мықты, батыл да қайсар болуы керек. Әрбір судьяға әкелік қамқорлық қана жасамай, дер кезінде қатесін байқап, дұрыс бағыт-бағдар беру – әр төрағаның азаматтылығына сын.

 

 

Астана қалалық сотының төрағасы Тлектес Бәрпібаев

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив