Алматы қаласының  мектептері мен жоғары оқу орындарында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашық сабақтар басталды.

Алматы қаласының мектептері мен жоғары оқу орындарында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашық сабақтар басталды.

Ай бойы республиканың барлық мектептерінде осы тақырыпта сынып сағаттары мен ашық сабақтар өткізіледі. Ұрпақ санасына қастерлі тәуелсіздік жылдарының қасиетін ұғындыратын жоба бүгін Алматы қаласындағы мектептер мен ЖОО-да да  бастау алды.

     Бостандық ауданына қарасты М.Мақатаев атындағы №140-мектеп-гимназиясында 5-сынып оқушылары арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жетістіктері» атты сыныптық тәрбие сағаты өтті.

    Ашық тәрбие сағатының мақсаты – білім мен тәрбие беру, оқушыларға 30 жылда еліміз  жеткен 30 жетістікті насихаттау.

     Сынып сағаты мемлекеттік әнұранмен басталды. Дәріс барысында тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік құрылыстың негізгі қорытындылары мен перспективалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті нығайтудағы тарихи рөлі туралы айтылды.

Бостандық аудандық  Білім бөлімінің басшысы Бақытбек Бостандықұлының айтуынша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты мұндай іс-шаралар қаладағы әр мектеп пен балабақшада оқу жылының аяғына дейін ұйымдастырылады. Бостандық ауданы бойынша оқушылар арасында түрлі ашық сабақтар, сурет көрмелері, спорттық ойындар, байқаулар өткізіледі. Ауданда 34 мемлекеттік, 24 жеке меншік мектеп бар. Мемлекеттік мектептерде 37 мыңдай оқушы оқиды. Бастауыш, орта және жоғарғы буын арасында іс-шаралар  алдымен  мектептің өзінде, кейін аудан бойынша өтеді.

«Жылдың соңына дейін өтетін іс-шараның М.Мақатаев атындағы мектеп-гимназиясында басталуының өзі тегіннен тегін емес. Биыл ақиық ақын М.Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр, әрі бұл мектеп –  қаладағы ең үздік мектептердің бірі. Соған байланысты тағылымды шараларды біз  осы мектептен бастағанды жөн көрдік», – деді Бақытбек Бостандықұлы.

         Жоғары оқу орындары студенттерінің арасында да Тәуелсіздік ұғымы насихатталып, оның тарихи алғышарттары мен саяси көрінісі түсіндірілді. Мысалы, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қабырғасында «Тәуелсіздік жылдарындағы егеменді еліміздің және С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың тұғырлы жетістіктері» атты мерекелік шара өткізілді.

         Екінші курс студенттері арасында ұйымдастырылған шара әдеттегідей Әнұранмен басталып, аталмыш  оқу орнының Корпоративтік даму жөніндегі проректоры, профессор Убайдулла Махамбетұлының алғы сөзімен жалғасты.

         –  Бұл шараны  Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында  ұйымдастырып отырмыз. Отыз жыл тарих кеңістігінде аз ба, көп пе деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, мәселе уақыттың ұзақтығында емес, осы жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелілігінде. Отыз жылда елімізде елеулі тарихи өзгерістер орын алды.

Саяси аренада болсын, экономикалық тұрғыдан болсын Қазақстан өз атын шығарып, өмірлік маңызы бар барлық салаларда дамыды. Соның ішінде білім саласында талай реформалар жүргізіліп, жоғары оқу орындарында білім берудің жаңа жүйелері енгізілді. Оған біздің университеттегі өзгерістер дәлел. Қазір біз еліміздегі медициналық университеттер арасында QS рейтингіне енген жалғыз оқу орнымыз. Атап айтсақ, Болон процесі, академиялық ұтқырлық, шетелдік тәжірбие, тағысын тағы. Жоғарыдағы атқарылған жұмыстардың жүгі ауыр деп ойлаймын, сондықтан 30 жылда ел ретінде жеткен жетістігіміз жетерлік деп дөп басып айта аламыз, - деді проректор.

Келесі кезекте арнайы шақырылған қонақ – астаналық Медицина университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Жанна Сәбитқызы сонау сақ-сарматтардан бастап, 1986 жылы жалындаған қазақ жастарының көтерілісіне дейінгі тарихи оқиғаларды жіпке тізіп айтып берді. Сол арқылы егемендікке әкелген жолдың тар жол, тайғақ кешу екенін түсіндіргендей әсер қалдырды.

Одан бөлек, саясаттанушы Талғат Жанысбай, қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ассистенті Ғалым Алаудиұлы сынды қонақтар да өз ойларымен бөлісіп, студенттермен пікірталас өрбітті.

Университет проректоры Убайдулла Махамбетұлы мұндай шаралар жыл бойы жалғасын табатынын, бұл тек бастама екенін жеткізді. Жалпы жыл бойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы республика бойынша барлық мектептер мен жоғары оқу орындарында кеңінен аталып өтпек.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив