Отбасылық медиация

Отбасылық медиация

Отбасы –қоғамның бір бөлшегі.

«Қалай десек те, ең мықты,

табиғи мектеп – отбасы.

Осында қалыптасқан барлық жақсы

қасиеттер өмір бойына серік болады.

 Отбасынан кеткен қателікті

ешбір мектеп түзете алмайды…»

Мұхтар Арын

 

Отбасы – әр адам үшін ең жақын әлеуметтік ортасы, қоғамның маңызды бір бөлшегі. Отбасы бала үшін өмір мектебі, онда алғаш рет қарым-қатынас түрлеріне үйренеді, қоршаған ортамен танысады, мінез-құлық нормаларын меңгереді, адамгершілік қасиеттері қалыптасады және дамиды. Сондықтан да келер ұрпақты тәрбиелей отырып, оларды өмір жолында кездесетін қиыншылықтарға қарсы тұра білуге үйрете білу керек. Отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды, оларға қарап бой түзейді, үлгі алады. Балалық шағында отбасында алған, меңгерілген қасиеттер бала бойында өмір бойы сақталады.

Жас адамды саналы, есті, мәдениетті, сергек етіп тәрбиелеу – отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы. Яғни, балаларды тәрбиелеу тек ата-ананың жеке ісі емес, бұған барлық қоғам қызығушылық танытуы керек. Өйткені «Ес түзелмей, ел түзелмейді», олай болса егемен  еліміздің болашағы отбасында тал бесіктен бастау алып, оқу тәрбие орындарында тәрбиеленген саналы ұрпақтың қолында.

Бұл мәселе еліміздің Заңдарында да көрініс тапқан. Қазақстан Республикасының ата заңында «Біздің мемлекеттің ең басты байлығы, қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Осыған сәйкес елімізде адам және оның өмірі үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр. Ата заңымызға сүйенсек «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата ананың табиғи құқығы әрі парызы» делінген. Мемлекеттің бұл саясатын жүзеге асыру үшін бізге бірлік керек.

Отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас ең басты іс-әрекеттердің бірі болып табылады. Ал олардың арасында түсініспеушілік жағдай туындаған кезде дау шығып, шаңырақ шайқалады. Бұл жағдайда туындаған жанжалды анықтап төрешілік етіп, әділ шешім қабылдауға тура келеді. Мінекей, осындай дауларды шешу үшін бұрын билердің төресіне жүгінген.

Би – дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі екеін бәрімізге мәлім. Десекте, зерттеуші ғалымдардың пікірінше, “би” сөзі “бек” атауының бір нұсқасы ретінде пайдаланылып, ел билеуші, басқарушы, мағынасын білдірген. Кейіннен дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған.

Ел тағдыры сынға түскен жаугершілік замандарда билер қарамағындағы тайпаластарынан жасақ құрып, батыр-баһадүрлермен қатар атқа қонып, мемлекет тұтастығын, ұрпақтар азаттығын қорғауға ұйытқы болған, қолбасшылық қызмет атқарған.

Қазіргі таңда дауларды реттеудің жаңа түрлері пайда болып, заңды күшіне енді. Қазақстанда «Медиация туралы» Заң  2011 жылдың 28 қаңтарында бекітіліп, 5 тамызда күшіне енді. Бұл Заң Қазақстан Республикасының медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, оның рәсімдері мен  жүргізу қағидаттарын, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиацияны жүргізу қағидаттары бірнеше түрге бөлінеді:

еріктілік;

құпиялық;

өзара сыйласушылық;

тараптардың тең құқылығы;

медиатордың бейтараптығы мен әділдігі;

рәсімнің ашықтығы.

Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ  заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға әкеліп соғады. Халықаралық статистикаға сәйкес қазіргі заманда барлық даулардың көпшілігі медиация рәсімінен өтеді, олардың көбі оң нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.  Азаматтық істердің басым бөлігін отбасы мүшелерінің арасындағы дауларды құрап жатады. Соның бірі отбасылық медиация. Отан от басынан басталады дегендей, отбасында туындаған кикілжің, реніш, келіспеушіліктердің шешімін медиациялық жолмен шешу ең тиімді әдіс. Себебі, отбасылық дауларды шешу күрделі жайт болғандықтан, қазір сот екі тарапқа да отбасылық медиатордың көмегіне жүгінуді ұсынады.

 Отбасылық медиация бойынша жұмыстарының негізгі мақсаты – отбасында туындаған  түрлі  кикілжіңдер мен мәселелердің алдын алу. Осы мақсатта психолог мамандар отбасында шешілмейтін мәселе болмайтынын түсіндіреді. Кез келген кикілжіңнің немесе түсініспеушіліктің алдын алуға болады. Қарым-қатынас, оның ішінде, бала мен ата-ана арасындағы мәселе бір тараптан қарастырылмауы керек, ортақ келісімге келіп, түйінін табуға болады. Қандай мәселеде де мамандардың көмегінен бас тартпаған абзал.

Отбасындағы келіспеушіліктер, көп жағдайда өзара тіл табыса алмау әсерінен болады. Олардың көзқарастарын реттеп, ортақ шешім қабылдауға ықпал ету арқылы ең алдымен баланың мүддесін, содан кейін, отбасын сақтап қалуды ойлаған медиаторлардың еңбегін ерекше атап өту керек.

Ажырасу әлегімен жүрген ата-ана баланың жағдайын көрмеуі де, білмеуі де мүмкін. Ал, бала оны сезеді, біледі. Қазір, шыны керек, адамдар бірін-бірі тыңдауға құлықсыз. Айтар ойын жеткізе алмай, сотқа келіп жүгінетін ата-аналар да бар. Екі жақты да тыңдап, отбасылық өмірде мүлт кеткен жерлерін дөп басып көрсеткеннен кейін, ажырасудан бас тартқан талай отбасы болып жатыр. Әлбетте, біздің де көздегеніміз осы, ата-анасының екеуі де балаларының қасында болып, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатса сол бізге үлкен жетістік.

        

Жазира Самархан

Орал қаласының №2 сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив