Әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін  жазаны қатайтудың кейбір мәселелері туралы

Әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтудың кейбір мәселелері туралы

 

«Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту      қажет», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты әкімшілік істермен күн сайын кездесетін құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар мұндай құқық бұзушылықтардың таралуының көп жағдайда жасырын сипаты болатынын жақсы біледі.

Мысалы, мұндай құқық бұзушылықтарға денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірумен, ұрып-соғумен, балағат сөздер айтумен, адамға тиісіп қорлаумен, кемсітумен байланысты және отбасылық-тұрмыстық қатынастарда жасалатын басқа да құқыққа қарсы іс-әрекеттерді жатқызуға болады.

Құқық бұзушының зайыбы, онымен бірге тұратын әйелдер,  соның ішінде ажырасып кеткен әйелдер негізінен осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады.  

Әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазалаудың бұлтартпастығын қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы заңнама бірнеше рет өзгерді.

Атап айтқанда, ұрып-соғумен және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірумен байланысты жазалар қылмыстық заңнан әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңға бірнеше рет «көшті» және қайтадан бұрынғы қалпына келтірілді.

Осындай теріс қылықтардың қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көрініс табуы жазаның бұлтартпастығын және сот төрелігінің тез арада жүзеге асырылуын едәуір дәрежеде қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей, мұндай құқық бұзушылықтарды жасаған адамдар бүгінгі таңда да жазадан тыс қалып отыр. Мұның өзі  тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша профилактиканы жүзеге асыруға ықпал етіп отырған жоқ.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңда тараптар татуласқан жағдайда іс бойынша іс жүргізуді қысқартуды судьяға міндеттейтін норманың болуы бұған белгілі бір дәрежеде ықпал етеді.

Осы санаттағы істер тоқтатылған кезде соттар тараптардың өз ықтиярларымен ерікті түрде татуласуын анықтайды. Алайда, істі тоқтату туралы ниет білдіру іс жүзінде шынайы татуласуды білдірмейді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер өздері үшін не балаларының болашағы үшін алаңдап, қандай да бір теріс салдардан аулақ болу мақсатында татуласу туралы жазбаша келісімге амалсыздан, тіпті шарасыздықтан қол қояды. Өйткені әкімшілік қамауға алынған адамның ерте ме кеш пе әйтеуір үйге қайтадан оралатыны белгілі.             

Көбінесе бұрын да жауаптылыққа тартылған адамдардың сот процесіне қайтадан шақырылғанын да байқауға болады. Судья үшін оларды таныстырудың  тіпті қажеті де болмайды.

Жәбірленуші тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатуға жазбаша өтініш болған жағдайда судья үйінде талай рет жанжал шығарған адамдарды жазалау мүмкіндігінен айырылады.

Осыған орай, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар бір жыл ішінде бірнеше рет қайталанып жасалған жағдайда, жәбірленушінің еркін білдіруіне қарамастан, судьяға кінәлі адамды әкімшілік жауаптылықтан босату міндетін емес, қайта оны жазаға тарту құқығын беру орынды болып табылады.

Кейде әйелдер ұрып-соғуға төзіп, көнетін жағдайлар да ұшырасады. Бұл олардың күйеулеріне, бірге тұратын адамдарға материалдық тұрғыдан тәуелді болуына, ал енді бір жағдайларда күйеуінің отбасындағы жалғыз асыраушы болуына немесе тіпті оның табысының зайыбының жалақысынан едәуір асып кетуіне де байланысты орын алады.

Осындай себептер байқалған кезде әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты кінәлі адамға материалдық тұрғыдан немесе өзге де тәуелді әйелге қатысты саралаушы белгіні көздеп, құқық бұзушылықтар диспозициясында мұндай іс-әрекеттер үшін санкцияны қатайту ұсынылады.

Мұндай жағдайда кінәлі адамға тәуелділік ҚР ӘҚБтК-нің 57-бабының нормаларында көзделген ауырлататын мән-жай ретінде есепке алынбауға тиіс.

Жүктілік жағдайындағы не дәрменсіз күйде екендігі көрінеу белгілі әйелге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты құқық бұзушылық жасаған адамдарға тағайындалар жаза туралы да ерекше айту қажет болады.

Осыған байланысты, аталған санаттағы құқық бұзушылықтар бойынша, яғни дәрменсіз күйде екендігі немесе жүктілік жағдайында екендігі көрінеу белгілі әйелге қатысты жасалған құқық бұзушылықтар бойынша саралау белгілерін қарастыруды мүмкін деп санаймыз.

Әкімшілік құқық бұзушылықты алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде жасау жауаптылықты ауырлататын мән-жай болып табылатыны белгілі.

Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей, мас күйінде әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау оқиғалары жиі кездеседі. Бұл, әрине, жоғары қауіп туғызады.

Осыған байланысты, ҚР ӘҚБтК баптарының диспозициясы бойынша алкогольден, есірткіден немесе уытқұмарлықтан масайып, осындай құқық бұзушылықтар  жасаған адамдар үшін санкцияның жоғары мөлшерін көздей отырып, саралау белгісін қарастыру ұсынылады.   

Аталған ұсыныстарды жүзеге асыру Президенттің Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде алға қойылған тапсырмаларының жүзеге асуына ықпал ететін болады.                                 

                                                                    

                                                                  Нұр-Сұлтан қаласы

                                                                     Алматы аудандық сотының

                                                                  судьясы Расул Қарағаев

                                          

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив