Соттағы татуластыру рәсімдері» жобасын іске  асырудың қорытындылары

Соттағы татуластыру рәсімдері» жобасын іске асырудың қорытындылары

 

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданлық сотында 2018 жылдың 14 мамырынан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Қажманұлы Асановтың өкімі негізінде азаматтық істерді қарау кезінде «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы (бұдан әрі – Пилоттық жоба) ойдағыдай іске асырылуда.

Пилоттық жоба шеңберінде татуластыру рәсімі талап қою арызын сот ісін жүргізуге қабылданғанға дейін 3-4 күннің ішінде жүргізілетінін атап өткен жөн.

Осы 2019жылдың қаңтар-қазан айларында татуластырушы судьялар 2073 арызды қарады. Оның ішінде 1048 арыз бойынша тараптар татуластыру рәсіміне келді. Осының нәтижесінде 650 арыз бойынша тараптар өзара татуласты. Жоба аясында сот 412 медиативтік және 238 бітімгершілік келісімді бекітті. Бұл тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылған Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотындағы жалпы істер санының 63%-ын құрайды.

Сонымен қатар, 1025 талап қою арызы бойынша жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың келмеуіне байланысты татуластыру рәсімдері жүргізілмегенін де атап өту қажет. Олардың келмеуіне сенімді байланыстардың болмауы; себептерін түсіндірмей татуластыру рәсіміне қатысуға тілек білдірмеу; хабарламаның қысқа мерзімі (1-2 күн бұрын); тараптың қалада болмауы; кәсіпорынды әрекетсіз деп тану; кәсіпорын басшысының болмауы және басқалар себеп болды.

Көрсетілген мерзімде 65 арыз кері қайтарылды. Арыздарды қайтарудың себептері: қабылдауға негіздердің болмауы және татуласу рәсімі өткізілгеннен кейін дауды өз еркімен реттеу.

Тараптар 333 арыз бойынша татуласудан бас тартты, яғни келген адамдардың 31%-ы бір келісімге келген жоқ. Татуласудан бас тартуға негізінен мерзімнің қысқа болуы; жауапкердің қойылған талаппен тұтастай келіспеуі; іске қатысуға тартылмаған үшінші тұлғалардың құқықтарының бұзылуы; талаптардың мөлшерін белгілеу үшін әртүрлі сараптамаларды жүргізудің қажеттілігі; тараптардың  бірін бірі өзара жақтырмауы; дауды реттеу нұсқаларын талқылауға ниеттің көрінеу болмауы; сот талқылауларының ұзақ болуына мүдделі тараптар өкілдерінің татуласуға қарсы іс-қимылдары себеп болуда.

Жоба шеңберінде шарттық міндеттемелерді орындауға, материалдық залал мен моральдық зиянды, шығындарды өтеуге, еңбек дауларын, отбасылық құндылықтарды, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, тұрғын үйге, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауға байланысты даулар реттелді.

Жасалған келісімдердің үлкен пайызын жол-көлік оқиғасы салдарынан немесе пәтерді су басу не моральдық зиян келтірудің нәтижесінде келтірілген материалдық залалды өтеу туралы даулар құрайды.

Осылайша, татуластыру рәсімдерін өткізу барысында жеке тұлғалар арасында  жол-көлік оқиғасының нәтижесінде келтірілген материалдық залалды өтеу туралы медиативтік келісім жасалды. Келісімнің шарты бойынша жауапкер 498559 теңге сомасындағы залалды бөліп төлеуге міндеттенді. Бұл сақтандыру компаниясы талапкерге төлеген 1515000 теңге сомасындағы сақтандыру төлемінің ең жоғары мөлшері мен 2013559 теңге сомасындағы нақты залалды бағалау арасындағы айырманы құрайды. Осы ретте тараптар жауапкер келісімнің шарттарын бір ай ішінде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда талапкер атқару парағын алуға және залалды мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сот орындаушысына жүгінуге құқылы екені жөнінде де тоқтамға келді.

Соттың 2019 жылғы 25 сәуірдегі ұйғарымымен жеке тұлғалар арасындағы пәтерді су басу салдарынан келтірілген залалды 105000 теңге көлемінде өтеу туралы медиативтік келісім бекітілді. Жауапкердің зейнеткер екенін ескере отырып, тараптар жауапкердің 80000 теңге көлемінде келтірген залалды ерікті түрде өтеуі туралы келісімге келді.

Татуласу рәсімінің барысында азамат Т. мен азамат А.-ның арасындағы материалдық шығынды өндіру және жеңіл дәрежедегі қасақана дене жарақатын келтіру салдарынан келтірілген моральдық зиянды өтеу туралы дау реттелді. Тараптардың түсіндіруі бойынша жауапкер мас күйінде өзінің көршісіне, яғни талап қоюшыға дене жарақатын келтіргені анықталды. Жауапкер осының нәтижесінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотта жауапкердің талапкерден кешірім сұрауына байланысты тараптар талапкердің дәрі-дәрмек сатып алу және тексеруден өту шығындарын өтеу, сондай-ақ 50000 теңге сомасында моральдық зиянды ішінара өтеу туралы уағдаласты. 

Аталған істер бойынша тараптар сот талқылауларынсыз, сот ісін жүргізуге талап қою арыздарын қабылдау сатысында, сот сараптамаларын тағайындамастан  және қосымша сот шығындарын жұмсамастан өзара келісімге келді.

Дауларды реттеудің және азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге бағытталған басым бағыттардың бірі бітімгершілік рәсімдерін, соның ішінде көптеген шетел сот ісін жүргізу кезінде кеңінен таралған нысандардың бірі медиацияны дамыту өзекті мәселе болып табылады.

Атап айтқанда, бұрынғы ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікті бөлу туралы талап қою арызы бойынша медиативтік келісім бекітілді. Осының нәтижесінде банкпен ипотекалық шарт бойынша сатып алынған және осы банкте кепілде тұрған пәтердегі жауапкердің ½ үлесін банктік қарыз шартына қосымша келісім және талапкермен жаңа кепіл шартын жасау арқылы талап қоюшыға беру туралы келісілді. Бұл ретте талапкер қарыз шартына сәйкес одан әрі төлемдер бойынша барлық міндеттемелерді өзіне қабылдайды. Тараптар келісімге қол қойғанға дейін көрсетілген шарттар бойынша келісім жасауға банктің келісімі алынды. Өз кезегінде талапкер жылжымайтын мүліктегі берілген үлес үшін жауапкерге өтемақы төлеуге міндеттеме алды.

Татуластыру рәсімі тәртібімен реттелген даулардың басым бөлігін шарттық міндеттемелерді орындауға байланысты даулар құрайды.

Соттың 2019 жылғы 5 маусымдағы ұйғарымымен жеке тұлғалар арасындағы пәтерді сатып алу-сату шарты бойынша мүліктің құны есебіне талап қоюшы төлеген 300000 теңгені өндіріп алу туралы медиативтік келісім бекітілді. Тараптар жауапкердің мүлікті кепілден алу және құжаттарды заң талаптарына сәйкес келтіру жөніндегі талаптарды орындамауына байланысты, талап қоюшы төлеген соманы үш ай ішінде бөліп-бөліп қайтару және шартты алдын ала бұзу туралы келісімге келді.

Азамат Б.-ның жеке кәсіпкер К.-нің құрылыс тауарларын жеткізу шартын бұзу, тауар үшін төленген соманы өндіріп алу туралы талап қою арызы бойынша шартты бұзу, талапкер алдындағы қарызды тану және үш ай ішінде жалпы сомасы 1014000 теңге қарызды төлеу туралы келісім бекітілді. Бұл ретте тараптар жауапкер қабылдаған міндеттемелерді орындамаған жағдайда берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу үшін атқару парағы жіберілетіні туралы келісті.

Сондай-ақ, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талаптары және бұдан туындайтын моральдық зиянды өтеу туралы талап медиабельді даулар болып табылады.

Сонымен, жеке тұлғалар арасындағы талап қою бойынша, талапкер құрылыс фирмасының басшысы бола отырып және аяқталмаған объект бойынша жауапкер - үлескермен бірнеше рет кездесіп, келіссөздер жүргізуі кезінде олардың шындыққа сай келмейтін мәліметтерді тарата отырып, бір-біріне тіл тигізгені анықталды. Тараптар өзара кешірім жасау шартымен келісімге келді. Олар одан әрі бір-біріне құрметпен қарауға, ал келісімде көрсетілген шарттар орындалмаған жағдайда 10000 теңге сомасындағы моральдық зиянды өтеу туралы соттың ұйғарымын мәжбүрлеп орындауға міндеттенді.

Осылайша, даулардың көптеген санаттары жоба шеңберінде реттеуге жатады.

Пилоттық жобаны енгізудің арқасында сотқа түсетін жүктеме айтарлықтай төмендеді, талапкерлер төлеген мемлекеттік баж кері қайтарылады. Бұл азаматтар мен заңды тұлғаларды дауларды бейбіт жолмен реттеуге ынталандырады, осының нәтижесінде даулар жедел шешіледі. Тараптар осы жобаның мұндай негізгі артықшылықтарын оң нәтиже ретінде атап көрсетуде.

Көп жағдайларда татуласу, талап қоюшылардың бұзылған құқықтары сотқа жүгінген сәттен бастап екі аптаның ішінде қалпына келтірілді.

«Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы жұмыс істей бастаған уақыттан бері өзінің тиімділігін көрсетті. Татуластыру рәсімі дауларды қысқа мерзім ішінде шешуге мүмкіндік береді әрі соттан тыс медиацияны дамытуда лайықты үлгі болып табылады.

 

Сәуле Қойшибаева,

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы

аудандық сотының судьясы  

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив