Жаһандық көштен қалмау  әділ сот төрелігіне жүктелген міндет

Жаһандық көштен қалмау әділ сот төрелігіне жүктелген міндет

 

 Еліміздің серпінді дамуын, әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуын және қоғамдық ахуалдың оңтайлы шешілуін қамтамасыз ету мақсатында заңнаманы әрдайым жетілдіріп отыру қажет. 

 Ата Заңымызбен  кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету бағытында  елімізде заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.  Заңнаманы жетілдіру қажеттігі қоғамдық қатынастардың күрделенуі мен жаһандық тенденцияның әсерінен де болады.

 Осы ретте, үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қоюы болып табылады.

Аталған Заңмен 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 Кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін оңтайландыруға және экономика саласындағы қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

 «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  атты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында Елбасы «Жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын іске қатысады. Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады. Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиіс. Бұрын адамдардың жеке өздерінің келуі талап етілсе, қазір оны алыстан жүзеге асыруға болады» деген болатын.

Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында сот жүктемесін оңтайландыру бағытында Азаматтық процестік кодекске және «Нотариат туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Осыған орай, осыған дейін сотта қаралуға жататын 9 санаттағы даусыз талаптар нотариустарға берілді. Бұл қандай талаптар десеңіз, ол жалақыны өндіріп алу туралы, коммуналдық қызметтер бойынша берешекті өндіру, нотариат куәландырған қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау туралы; орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау туралы;  нотариус жасаған, төлем жасалмауына, акцептінің болмауына және акцепт күнінің белгіленбеуіне вексель наразылығына негізделген міндеттемені орындау туралы;  лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету туралы; ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану туралы, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтаратын үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы; жалдау төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төленбеуіне байланысты өндіріп алу туралы талаптар.

Мысалы, сіз қызметкер ретінде жұмыс атқарған мекемеңізден Сізге есептелген, бірақ уақытылы төленбеген еңбекақыны өндіру туралы немесе нотариалды куәландырылған шарт негізінде қарыз ақшаны өндіру жайлы  талап арызбен бұрын сотқа жүгінсеңіз, енді мұндай даусыз талаппен нотариусқа жүгінесіз. «Нотариат туралы» Заңның 92-1 бабының талабы бойынша нотариус берешекті белгілейтін құжатта атқарушылық жазба жасайды немесе тиісті қаулы береді. Егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса, талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, атқарушылық жазба  жасалады.

Сізден коммуналдық төлемдерді, мысалы электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және басқалары үшін, сондай-ақ өзге де шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті өндіріп алу туралы нотариустан атқарушылық жазба келген жағдайда  таң қалмаңыз, себебі биылғы жылдың ақпан айынан бастап  жоғарыда аталғандай мұндай берешектерді өндіру нотариустың атқарушылық жазба жасауы арқылы жүргізілетін болады.

 «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңына да меншік құқығын қорғауды күшейту бағытында енгізілген өзгеріс те көңіл толтырарлық. Осыған дейін  егер банк заем шарты бойынша борышкердің қарызын оның кепілге салған жылжымайтын мүлкінен өндіру жайлы банктер тікелей сотқа жүгінетін болса, енгізілген өзгерістерге сәйкес борышкердің кепілге салынған жылжымайтын мүлікті өз бетімен сатуы үшін үш ай мерзім белгіленген, оның мүмкіндігі бұрын болмағанын атап өтуіміз қажет.

Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін меншік иесінен алып қоюды жүзеге асыру барысында алынып қоятын жер учаскесінің тең құнын өтеуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау белгіленді.   «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес  өтем мөлшері нарықтық құн бойынша анықталатын болады. Бұдан басқа, мәжбүрлеп алып қою жүзеге асырылатын елді мекен шегінде құны тең өзге жер учаскесін беру мәселесі рәсімдік реттелді. Қазіргі уақытта алып қойылатын жер учаскесінің орнына басқа жер учаскесін беру мүмкіндігі қарастырылған.

Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мақсатында енгізілген өзгерістерге бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзған және банк ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін залалды өз еркімен өтеген тұлғалар қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататыны белгіленді.  Сондай-ақ, осы баптарға ескертулерден "бірінші рет" деген сөздерді алып тастау арқылы салық төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекстің  баптары ізгілендірілді, бұл кәсіпкерлердің бюджет алдындағы қарыздарын ерікті төлеген жағдайда қылмыстық процесс орбитасына тартпауға мүмкіндік береді. Енді салықтар бойынша берешекті өз еркімен төлеген тұлғалар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

  Бұдан басқа, Кылмыстық кодекске ұрлықтың, алаяқтықтың  қайталануы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін тиісті түзетулер енгізілгенін де айтқанымыз жөн. Атап айтқанда, бірнеше рет ұрлық, алаяқтық жасау бұрын ауырлығы орташа қылмыс санатында саналып, бірнеше рет ұрлық, алаяқтық  жасаған тұлғаның залалды өтеген жағдайда жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі қарастырылған болатын. Енгізілген өзгерістерге сәйкес  ұрлықтың, алаяқтықтың  бірнеше рет жасалуы «ауыр санаттағы» қылмысқа ауыстырылып, бұл өз кезегінде айыпталушыны тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігін болдырмайтыны белгіленді.

Замана беталысына қарай заңды жүйелеп, зерделеп, сараптап отыру жұмысы қай уақытта болмасын қай қоғамда болмасын  маңызын жоғалтпақ емес. Қабылданған өзгерістер мен толықтырулар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін басты тетік. Қоғамдық қатынастардың күрмеуін шешетін баға жетпес қазына.  Сонымен қатар, қоғамды құқық тәртібін құрметтеу рухында тәрбиелеудің алгоритмі.   

 

 Сырлыбаев Т.

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған

ауданаралық тергеу сотының судьясы

                                                

 

 

                         

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 0

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив