Билер Соты – тарихи құндылық

Билер Соты – тарихи құндылық

 

Әрбір ұлттың сан ғасыр тарихында кейінгі ұрпақ мақтан тұтып, өскелең ұрпаққа өнеге ретінде айтып отыратын оқиғалар мен нар тұлғалары болады. Сирек жағдайларда бүкіл ұлт мақтанышпен тарихына алтын әріптермен жазып қоятын, адамзаттың бүкілғаламдық құндылығына айналған институционалдық құрылымдар қалыптасады. Олар ұлт болмысына әсер етіп, болашаққа бағдар беретін өшпес мұра ретінде сол ұлттың жауһарына айналады. Осындай тарихи құбылыс ретінде көшпенді қазақтардың арасында қалыптасқан сот өндірісі – Билер Сотын атауға толық негіз бар.  Ол кезең сот төрелігінің «Алтын ғасыры» деп аталады.

Бүгінгі күні бұл құқықтық және рухани мұраны қарастырып отырып, Билер сотында қазіргі заманғы сот төрелігінің ең озық үлгілерінің басым көпшілік белгілері қамтылғанын байқауға болады.

Қазақ билерінің бойында ақын, шешен, философ, даналық ой-өріс, қолданыстағы дәстүрлі құқық нормаларын жетік меңгерген білгір сипаттары табыла білген. Алайда, олардың ең басты құндылығы олардың жан-жақтылығында емес, өз қызметтерінде ел мен халық мүддесін жеке мүдделерінен жоғары қоюларында болған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөз осыдан туындаса керек.

Билер соты фундаменталды әділдік және заңдылық қағидаттарына негізделген. Бұл жүйеде сот шешімдерінің моральдық нормаларға негізделуіне және төреліктің қолжетімділігі мен жариялылығына басымдық берілген. Сонымен қатар, қылмыс пен жазаның сәйкестігі, адамгершілік, гуманизм қағидаларына да аса мән берілген. Осы жерде далалық соттың дауласушы тұлғалардың келтірілген залалды қалпына келтіру арқылы өзара татуласуларына бағытталғанын да атап өту қажет. Атақты заңгер-ғалым Салық Зиманов билер сотының түпкі мақсаты, тараптардың қарым-қатынастары күрделілігі мен қиындығына қарамастан, оларды өзара татуластыру мен бір ортақ шешімге келтіру болғанын жазады. «Дау мұраты – бітім» деген ұстаным басшылыққа алынған.

Сонымен қатар, билер сотында қазіргі заманғы сот төрелігіне қойылатын талаптардың бірі – бидің шешендік өнерді меңгеруі және оны өз шешімін негіздеуге қолдана алуы талабы болғанын байқаймыз. Дала құқығында шешендік пен сөз қисынын таба білу дәлелдеу мен сендіру құралдары қатарында болған. Кей кездері сендіру өнерін меңгергендер сөз күшінің беделі арқасына әлсіз уәждермен де даудың өз пайдасына шешілуіне қол жеткізген. Бұл жерде қазіргі заманғы алқабилер сотымен ұқсастықты байқаймыз.

Зерттеушілер билер соты сот төрелігі институты ғана емес, сонымен қоса дәстүрлі құқық нормаларының қалыптасуына да айтарлықтай үлес қосқанын айтуда. Халық дәстүрі қаншалықты дана болғанымен, ол декларативті болып қала берді. Алайда, билер соты жариялы және ресми түрде өз шешімдерінің негізгі өлшемі ретінде әділдікті алға тартқан. Белгілі заңгер-ғалым Е.Б.Абдрасулов атап өткендей, әділдік қағидаты билер шешімдерінде құқықтық ережелер формасына айналған. Осылайша, бұл қағидат дәстүрлі құқық жүйесіне басты институт ретінде еніп отыр.

Билер соты ерекшеліктерінің бірі – оның дауларды шешу кезінде тараптарды татуластыруға бағытталуында. Осылайша ол қоғамдағы қарым-қатынастардың тұрақтылығына оң ықпал етіп отырды.

Бұл туралы академик С.Зиманов «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген еңбегінде: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» деп келтіреді.

Бұған қоса, билер соты көшпенді қазақ қоғамының өмірінде біріктіру рөлін атқаратын маңызды институтқа айналғанын да атап өту қажет. Себебі, билер тек жеке адамдардың дау-дамайларын шешіп қана қоймай, сонымен қатар руаралық, тайпааралық, тіпті кейбір жағдайларда мемлекетаралық жанжалдарды да реттеуге ат салысқан. Оған тарихи мысалдарды көптеп келтіруге болады. Яғни, билер соты мемлекеттіктің сақталуының, көшпенді қазақтар бірлігінің үлкен факторына айналды деуге болады.

Қазақтың билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын құқықтық орган болған. Құқықтық құрылымы және сот ісін жүргізуде өзіндік қалыптасқан бай тарихы бар, әлемдік үлгідегі классикалық соттарға қай жағынан да үйлесе алатын бірегей сот жүйесі екеніне әлем нақты көз жеткізді.

Қазақ елінің мыңдаған жылдардан бері ғасырдан - ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билігінде билер сотының алар орны ерекше. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамызда тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келді.

Ұлтымыздың өзіне тән осындай құқықтық мәдениеті, оның халық алдындағы беделі мен рөлінің жоғары болуына билер сіңірген өлшеусіз еңбекті барлық қырынан танып білу қажет.

Елбасымыздың Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты  бағдарламалық мақаласында қазақтың билер кеңесін ұлттық құндылықтар ретінде танып, халық арасында кеңінен насихаттау қажеттілігін айтқанын атап өтті. Көшпелі қазақ қоғамының билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отыр.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының  «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы бағыттарының бірі «Татуласу: сотқа дейін, сотта» бағыты бойынша, татуласу рәсімдерін одан әрі дамыту, оның тарихымызға, ұлттық ерекшелігімізге тән түрі ретінде билер кеңесін құру туралы бастамасы өңірлерде  қолдау тауып, нақты жүзеге асырыла бастады.

Қазіргі заманғы Билер кеңестерінің мақсаты - тарихы тереңнен тамыр тартатын билер институтын қайта жаңғырту, оның халық алдында атқарған міндеттері мен жауапкершілігін сараптау, билер соты еліміздегі бүгінгі сот билігінің бастау көзі, оның айнымас бірегей жүйесі екеніне халықтың көзін жеткізу, ең бастысы - халық арасындағы ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен, кеңесімен шешу, жалпы ел ішіндегі дауласушылық деңгейін төмендету.

Сол себепті, 2018 жылдан бастап облысымыздың әрбір аудандарында, ауылдық округтерінде билер кеңестері құрылып, нақты іске кірісті.

Ал, жуырда жалпы облысымызда құрылған барлық Билер Кеңестерінің жұмысын тиісті деңгейде үйлестіру мақсатында «Батыс Қазақстан облысының Билер Одағы» қоғамдық бірлестігі құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті.

 Бұл жүзеге асырылып жатқан шаралар халқымыздың қазынасы, баға жетпес жауһары болып есептелетін билер сотының ең озық гуманизм, әділдік, құқық пен заң басымдылығы, бітімгершілік рәсімдердерге басымдық беру қағидаттарын қазіргі заманғы құқық қолдану тәжірибесі мен қолданыстағы заңнамаға енгізу мақсатында жүзеге асырылып жатырғаны түсінікті.

Олай болса бұндай игі бастамалар қоғам мен халық тарапынан зор қолдау табатынына сенімдіміз және сәтті іске асырыла бастағанына куә болудамыз.

 

Райбек Хайырбеков

Казталов аудандық сотының төрағасы

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

 

[xfvalue_img]

Жаңалықтарды бағалаңыз

  • Сіздің бағалауыңыз
Итоги:
Дауыс берген адамдар: 1

1 пікір

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Поля обязательны для заполненеия - *

  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив